Аталмыш мақалада қазақ және түркі халық ауыз әдебиеті мұраларының өз ара көркемдік байланыстары туралы мәселе қарастырылады. Қазақ фольклористикасының тарихи - мәдени және тұрмыстық қарым-қатынас мазмұны түркі халықтарының ауыз әдебиеті байланыстарының ерекшеліктері тұтастығында танылып,поэтика тұрғысында зерделенеді. Көне түркі өлеңдері мен кейінгі қазақ өлеңдерінің мазмұнындағы айырмашылықтар мен ұлттық таным ерекшеліктеріне талдау жасалынады. Ең бастысы, фольклорист ғалым Бекмұрат Уахатовтың қазақ – түркі халық ауыз әдебиетін жинау мен жанрлық сипаттамасын жасаудағы еңбектеріне баға беріледі. Ғалымның халық лирикасына жататын қара өлең мен қайым өлең ерекшеліктерін танытудағы ғылыми принциптерін анықтап, жанрын алғашқы болып жүйелеген, ішкі жанрға жіктеген, әрі кешенді түрде зерттеген ғалым ретінде таныту мәселесі қойылған. Фолькорлық шығармалардың құрылысын зерттеуді қазақ халқымен туыстас түркі халықтарымен салыстырыла қарастырылып, рухани философиялық мазмұны ашылады. Түркі тектес халықтарының фольклористикасының басты ерекшелігі – тақырып үндестігі мен дүниетанымдық көркемдігінің тұтастығы. Осы ретте ұрпақтан-ұрпаққа берілетін халықтың сөз өнері қазынасының өзара көркемдік сипаттамасы танылады. Қазақ фольклористика мұрасының көркемдік айшықтары мен жиналу ерекшеліктерінің өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары талдауға түседі. Бекмұрат Уахатовтың түркі тілдес халық ауыз әдебиеті зерттеулеріндегі ғылыми ұстанымдар мен тәсілдері зерделенеді.
халық ауыз әдебиеті, әдеби байланыс, халық өлеңдері, поэтика, типология