Қазіргі уақытта қала құрылысының әлемдік тенденциялары дамудың әртүрлі модельдерін ұсынады. Олардың басты мақсаты қала тұрғындары үшін қолайлы және қауіпсіз орта құру. Дегенмен, жоғары технологиялық және экономикалық мүмкіндіктері бар ірі қалалардың даму модельдерін шағын қалаларға пайдалану мүмкін бола бермейді. Қаланың дамытудың қандай да бір моделін таңдамас бұрын, алдымен ондағы экологиялық және элеуметтік экономикалық мәселелерге талдау жасау қажет. Бұл мақалада Жамбыл облысындағы Жаңатас және Қаратау шағын қалаларының тұрақты дамуы үшін қандай табиғи және экологиялық алғышарттар мен мүмкіндіктер, проблемалар мен кедергілер бар екендігі талданды. Зерттеу барысында қалалардың ерекшеліктеріне байланысты теориялық, эмпирикалық және картографиялық әдістер қолданылды. Қаратау және Жаңатас қалаларының бірегей табиғи экологиялық ерекшеліктері қарастырылып, климаттың өзгеруіне және қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына бейімделу жолдары талданды. Жиналған деректер зерттелетін аумақтың шағын қалаларының тұрақты даму әлеуетін бағалау үшін пайдаланылды және Қаратау және Жаңатас қалаларын тұрақты дамытудың маңызды бағыттары анықталды. Табиғи және экологиялық ерекшеліктерді есепке алу негізінде ресурстарға бағдарланған Жаңатас пен Қаратауды өңірлік көпфункционалды қалаларға айналдыру мүмкіндіктері талданды. Зерттеу нәтижелері Жаңатас және Қаратау қалаларының тұрақты дамуының табиғи экологиялық алғышарттары мен проблемаларын көрсетіп қана қоймай, осындай қалалардың мүмкіндіктері мен қауіптерін бағалау жұмыстарына ғылыми негіз бола алады.
Тұрақты Даму, Жаңатас Және Қаратау Қалалары, Тұрақты Қала, Климаттық Факторлар, Климаттың Өзгерісіне Бейімделу